Кентау экологиялық апат аймағы болып санала ма? Премьер-министр жауап берді
Мәселе заңда белгіленген тәртіппен пысықталады
Премьер-министр Олжас Бектенов сенатор Мұрат Қадырбектің депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін сенатор Түркістан облысы Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу керек деп бастама көтерген еді.
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңына (Арал өңірі туралы заң) сәйкес экологиялық қасіретке ұшыраған аумақтардың шекаралары белгіленген.
Кентау қаласы мен іргелес елді мекендердің қоршаған ортасының жай-күйін және халықтың денсаулығын кешенді бағалау» жобасының мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысына сәйкес зерттелетін аумақтың бір бөлігін экологиялық дағдарыс алды жағдайындағы аймақ (Кентау қаласының аумағы (оның ішінде Бүргем елді мекені) және оған іргелес Ащысай, Хантағы, Баялдыр, Қарнақ ауылдары (оның ішінде Күшата және Шаштөбе елді мекендері), ал басқа бөлігін төтенше экологиялық жағдай аймағы (солтүстіктен Кентау қаласына іргелес (өнеркәсіптік аймақ) деп тану туралы ұсыныс берілді, - деді Олжас Бектенов сенатордың сауалына жауап бере отырып.
Үкімет басшысы бастаманы іске асыру үшін заңға өзгеріс пен түзету енгізу керектігін атап өтті.
Кентау қаласы (оның ішінде Бүргем елді мекенінің) және оған іргелес Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ ауылдарының (оның ішінде Күшата және Шаштөбе елді мекендерінің) аумақтарын экологиялық дағдарыс алды жағдайындағы аймақтар деп тану үшін Арал өңірі туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Қазір Түркістан облысының әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кейіннен республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін қаржылық-экономикалық есептеулер мен негіздемелер дайындап жатыр. Осыған байланысты Арал өңірі туралы заңға түзетулер енгізу мәселесі республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі алынғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен пысықталады, - деді премьер-министр.