Кәрім Мәсімов ұсталды

Халық үні

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы қамауға алынды

фото: ашық дереккөзден

6 қаңтарда ҰҚК қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.

Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Қ.Мәсімов және басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді, - деді ҰҚК.

6 қаңтарда Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылған болатын. Кәрім Мәсімов ҰҚК басшылығына 2016 жылы келген еді.

КӘРІМ МӘСІМОВ 

Ол 1965 жылы 15 маусымда бұрынғы Целиноград қаласында дүниеге келген. Целиноград қаласының №1 мектебінде оқыған. Целиноградта мектеп есігін ашса, түлектер кешін Алматыда атап өтті. 1982 жылы Кәрім Мәсімов Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін «үздік» деген бағамен бітіріп шықты.

Ал екі жылдан кейін Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетіне түседі. 1988-1989 жылдары Кәрім Мәсімов Бейжіңде қытай тілін оқып, Ухань заң университетінде іс-тәжірибеден өтті. Бұдан бөлек Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасын бітірген. Колумбия университетінде топ-менеджерлерді даярлау бағдарламасына қатысты. Ал 1999 жылы Мәскеу мемлекеттік технологиялық академиясында докторлық диссертациясын қорғап шықты.

Кәрім Мәсімов еңбек жолын КСРО-ның Қытайдағы сауда өкілдігінің құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі қызметінен бастаған болатын. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еңбек министрлігінде сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің басшысы және бас экономист болып жұмыс істеді. Бірақ бір жылдан кейін бизнеске кетіп қалды. 1992 жылы «Қазақпригранторг» фирмасының басшысы, одан кейін «Акцепт» ЖШС директорының орынбасары болды, Қытайдың Үрімші қаласындағы «Қазақинторг» өкілдігінде еңбек етті. Гонконг қаласындағы қазақ сауда үйінің басқарушы директорына дейін өсті. 1995-1997 жылдары үш банк – Алматы сауда-финанс банкі, Тұранәлембанк пен Қазақстан халық жинақ банкін басқарып шықты. Ал 2000 жылы Кәрім Мәсімовтің мемлекеттік қызметтегі карьерасы басталды. Жеті жылдың ішінде ол премьер-министрге дейін көтерілді. Ал 2011 жылы кезектен тыс президенттік сайлаудан кейін Кәрім Қажымұқанұлының үкіметі отставкаға кетіп, бірнеше сағаттың ішінде қайтадан тағайындалған болатын. Ал бір жылдан кейін Кәрім Мәсімов жұмыстан өз еркімен кетті. Бірақ 2014 жылы тағы да осы қызметке тағайындалды. 2016 жылы Кәрім Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметіне тағайындалды. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны сол лауазымында қалдырды.

Қаржыгер, заңгер, қытайтанушы, экономика ғылымдарының докторы Кәрім Мәсімов орыс, қазақ, ағылшын, қытай және араб тілдерін меңгерген. Спортпен де шұғылданады. Ол Қазақстандағы муай-тайды дамытуға зор үлесін қосты. Қазақстанның тай боксы федерациясын басқарады. Кәрім Қажымқанұлы марафондарға да жиі қатысып тұрады. Бұдан бөлек тау шаңғысымен айналысады. Альпинизмге де бейімі бар.   

Үйленген. Жұбайы – Дилярам Мәсімова, қызы – Тамила Мәсімова.