Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында зергерлік дүкенді тонағандар сотталды

Олардан жәбірленушінің пайдасына 30,6 млн теңге өндірілді

 Динара Амантай 20.06.2024 | 09:18
Ақмола облысында зергерлік дүкенді тонағандар сотталды
фото: видеодан скриншот

Ақмола облысының Степногорск қаласында зергерлік дүкеннен аса ірі көлемде алтын ұрлаған 2 адам сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, сотталушылар 2023 жылғы 1 мамырда алдын ала сөз байласып, түнде зергерлік дүкеннің ғимаратына бетон баспалдағын тесіп кіріп, пайдакүнемдік ниетпен аса ірі көлемде 1 365 дана алтын бұйымдарды ұрлап, салдарынан жәбірленушіге 71,4 млн теңге көлемінде залал келтірген.

Сотталушылардың кінәсі істің зерттелген материалдарымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, топырақты сот-трасологиялық және сот-сараптамалық зерттеудің қорытындысымен, халықаралық сот тапсырмаларының құжаттарымен дәлелденді.

Степногорск қалалық сотының үкімімен Г.  және Ф. ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша 7 және 6 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды, – делінген сот хабарламасында.

Сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына 30,6 млн теңге көлемінде өтелмеген материалдық залал өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақмола облысында ұрылардың зергерлік дүкенге баспалдақты тесіп кіріп, аса ірі көлемде алтын бұйымдарды ұрлағанын хабарлаған болатынбыз. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама