Ол алкоголь өнімін заңсыз сатып келген
Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы спирт зауытының қызметін тексеру барысында 81 тоннадан астам есепке алынбаған спирт өндіру бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметті іске асыру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Агенттіктің мәліметінше, есепке алынбаған спирт суррогат алкоголь өнімін өндіретін адмдарға сатылған.
Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жоспарын орындау аясында өткен шаралар нәтижесінде анықталғандай, мереке және демалыс күндері есепке алынбаған спиртті заңсыз тиеп-жөнелтудің фактілері тіркелді. Бұл этил спиртін сақтау және өткізу ережесін бұзуға әкеп соққан, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында аталған спирт зауытының басшысы ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаментінің лауазымды адамына алкогольді заңсыз сатумен айналысудағы және қылмыстық жауапкершіліктен босатудағы жалпы қамқорлығы үшін 20 мың доллар бірреттік төлем мен ай сайын 1 млн теңге көлемінде пара ұсынған.
Соттың санкциясымен күдікті әйел қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде өзге ақпарат таратуға жатпайды.