Halyq Uni логотип
×

12 мың мал қырылды: су тасқыны салдарынан ет бағасы қымбаттай ма?

Қазақстанда 9 млн-ға жуық ірі қара, 27 млн-ға жуық қой, 4 млн-ға жуық жылқы бар

 Дәурен Ерболат 30.05.2024 | 13:23
12 мың мал қырылды: су тасқыны салдарынан ет бағасы қымбаттай ма?
көрнекі фото: Halyq Uni

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстандағы су тасқыны ет пен мал бағасына әсер етпейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, табиғи апаттан қырылған мал саны еліміздегі жалпы малдың 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан бұл жағдай нарыққа әсер етпейді.

Жоқ, Қазақстанда 9 млн-ға жуық ірі қара, 27 млн-ға жуық қой, 4 млн-ға жуық жылқы бар. Су тасқыны салдарынан қырылған 12 мың бас мал елдегі мал санының 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан оның нарыққа еш әсері болмайды, - деді Аманғали Бердалин.

Еске салайық, Үкімет су тасқыны салдарынан өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірледі. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың наурыздағы мәліметінше, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің орташа бағасы тоннасына ірі қара мал үшін 962 753 теңге, жылқы – 1 092 296 теңге, түйе – 1 061 900 теңге, қой-ешкі – 947 454 теңге, үй құстары – 869 016 теңге.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы төрт түліктің жасына қарай нарықтағы бағасын да көрсеткен.

Мәселен, сауын сиырдың бағасы 369 656 теңге, сойылатын сиыр құны 374 271 теңгені құраған. Бұқа басы 409 972 теңге болса, өгіз басы – 426 767 теңге. Ал бұзаудың құны 161 467 теңгені құрайды.

Сондай-ақ дөнен және 3 жастан асқан жылқы басы 531 275 теңге, құнан – 388 984 теңге, жабағы мен тай басы – 267 913 теңге болып бекітілген.

Түйенің бағасы көрсетілген: інген – 708 442 теңге, бура – 728 639 теңге, бота-тайлақ – 422 995 теңге. Сонымен қатар ҰСБ қой мен ешкінің нарықтағы орташа бағасын атады. Атап айтқанда, қой – 63 001 теңге, қошқар – 69 312 теңге, тоқты – 46 304 теңге, марқа – 44 820 теңге, қозы – 29 581 теңге болса, ешкі – 38 517 теңге, лақ басы 21 898 теңгені құрайды.  

Айта кетейік, бұл республика бойынша орташа баға. Өңірлерде мал бағасы әртүрлі. Мысалы, су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысында сауын сиырдың құны 409 354 теңге болса, Атырау облысында 458 258 теңге, ал Батыс Қазақстан облысында 429 607 теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама