Маңғыстауда колледж директоры ірі көлемде ақша жымқырған
Ол 29 қызметкерге сыйақы беру туралы негізсіз бұйырықтар шығарған
Прокуратура органдары бюджет қаражатын тиімді пайдалану заңдылығының сақталуына жүргізген талдау нәтижесінде гуманитарлық колледж директорының қызметкерлерге тиесілі сыйақы төлемдерін жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, колледж директоры 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылдың тамыз айлары аралығында колледждің 29 қызметкеріне сыйақы беру туралы негізсіз бұйрықтар шығарып, 29,5 млн теңгені заңсыз иемденген.
Бейнеу аудандық сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы үкімімен колледж директорына ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Мемлекетке келтірілген шығын 29 550 929 теңге өндірілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе мектептерінде есепшілер ақша жымқырған.
Сондай-ақ Абай облысында да есепші мектеп директорының электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, 2,8 млн теңгені жеке шотына аударған.