Чехия президенті мотоциклмен апатқа ұшырады
Ол Прага әскери университетінің госпиталінде қысқа мерзімді бақылауда болады
Чехия президенті Петр Павел мотоциклмен жол апатына түсіп, ауруханаға түсті.
ВВС хабарлауынша, 62 жастағы президенттің жарақаты «ауыр емес», дегенмен оның емдеу мекемесінде неше күн болатыны белгісіз.
Чехия полициясы бұл оқиғаны тергеп жатқан жоқ. Себебі ол жолда емес, жабық жарыс жолында болғанын айтты.
БАҚ-тың мәліметіне қарағанда, ол BMW R1200GS мотоциклімен жүрген.
Оның жарақаттары ауыр емес. Бірақ ол Прага әскери университетінің госпиталінде қысқа мерзімді бақылауда болады, – деп хабарлады Чехия президентінің кеңсесі.
30 мамырда Чехия президенті Прагада НАТО елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуі жоспарланған.
Петр Павел былтыр Чехия президенті болып сайланған. Ол сол кезде қызметке кіріскеннен кейін де мотоциклмен жүре беретінін, бұрынғыша мотоцикл жүргізуді тастамайтынын, мүмкіндік болып жатса, жұмысқа міндетті түрде мотоциклмен баратынын айтқан еді.
Былтыр ол Прагада өткен мотоциклдер жәрмеңкесіне BMW GS1250 мотоциклімен 35 шақырым жердегі үйінен барған болатын.