Астанада 5 жасар баланы құтқарған оқушы марапатталды
Оған планшет пен 1 миллион теңге сыйға берілді
Елордада тұрғын үйдің 4-қабатының балконында ілініп тұрған баланы құтқарған 7-сынып оқушысы марапатталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Ақан Әкімжановпен және оның ата-анасымен кездесіп, оған бағалы сыйлықтар табыстады.
Ақанның ата-анасына ержүрек ұл өсіріп, лайықты тәрбие бергені үшін алғысымды білдіремін! Ақан сол сияқты оқуда да, спортта да жетістіктерге жетіп жүр! Мұғалімдері мен сыныптастары ол туралы адал дос, саналы және жауапкершілігі мол оқушы деген пікірде! – деді Жеңіс Қасымбек.
Ақанға планшет пен бір миллион теңге сыйға берілді. Сондай-ақ әкім оған болашақта колледжге немесе университетке түсу кезінде де көмек көрсетілетінін жеткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада оқушы 4-қабаттың балконында асылып тұрған баланы құтқарып қалғанын хабарлаған болатынбыз.