Бұрынғы министр Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы ұзарды
Оған өкілетін асыра пайдаланды деген айып тығылған
Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы ұзарды, деп хабарлады Астана соты.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Марат Бекетаевқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын 2024 жылғы 21 маусымға дейін ұзартты, - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Бас прокуратура Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында Марат Бекетаевтың қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұл бапта жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адамдың лауазымдық өкiлетін теріс пайдалануы ауыр салдарға алып келген жағдай көрсетілген.
Заңға сәйкес, кінәсі дәлелденсе, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады, сондай-ақ 7 жылға дейінгі уақытқа бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру көзделген.
Ал тергеу сотының санкциясымен Марат Бекетаевқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ол қазір тергеу изоляторында отыр.
Айта кетейік, экс-министр 2023 жылдың қазанында қамауға алынды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаевтың елден қашпақ болғанда ұсталғанын айтты.
Мемлекетке ірі көлемде залал келтірді, өкілеттігін теріс пайдаланды деген деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шынымен де экс-министр Марат Бекетаев елден қашпақ болғанда ұсталды. Қылмыстық-процестік кодекс бойынша тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды, - деді Әсет Шындалиев Сенат кулуарында.
Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі болды. Қаңтар оқиғасынан кейін Әділет министрі лауазымынан босатылып, 2022 жылдың соңына дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі лауазымын атқарды.