Үкімет Жезқазғанда жаңа инженерлік желілерді салуға 4,8 млрд теңгеден астам қаражат бөледі
Премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды
Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында премьер-министр Олжас Бектенов Жезқазғанда тиісті жұмыстарды орындауға қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, Ұлытау облысының әкімдігіне Жезқазған қаласы Батыс ауданының жаңа шағын ауданына кәріз желілерін, магистралды су құбыры мен магистралды жылу желісін салу үшін Үкімет резервінен 4,8 млрд теңгеден астам қаражат аударылады.
Облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін қалада Батыс ауданы қарқынды түрде дами бастады. Онда жаңа тұрғын үйлер мен бірқатар әлеуметтік нысан, оның ішінде 1 200 орынға арналған мектеп құрылысы басталды (2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар). Қажетті инженерлік коммуникацияларды уақтылы жүргізу барлық белгіленген объектілердің толыққанды іске қосылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, жалпы Ұлытау облысында коммуналдық желілердің тозу деңгейін азайту және реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы кезде қол жеткізілген нәтижелер: ұзындығы 1 314 шақырымнан асатын су құбыры желілері бойынша тозу деңгейі 56,5-тен 51,2%-ға, су бұру желілері бойынша (539 шақырым) – 74,6-дан 71,2%-ға, жылумен жабдықтау желілері бойынша (639 шақырым) – 60-тан 58%-ға дейін төмендеді.
Тұрғын үй-коммуналдық секторды сауықтыру бойынша кешенді жұмыс республиканың барлық өңірінде жүргізіледі және Үкімет басшылығының тікелей бақылауында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.