×

Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінді

Қаладағы 50-ден аса учаскеде жөндеу жұмысы жүргізіледі

 Дәурен Ерболат 17.05.2024 | 09:05
Фото: Tengrinews.kz

Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге резервтен 2,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет еліміздің жылумен жабдықтау жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Риддердегі жұмысты күшейту үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.

Былтыр жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмысы Үкімет Риддердің жылу желілерінің тозу деңгейін 78,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда бұл тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз. Жалпы, өткен жылыту маусымында жылу желілерінде 25 технологиялық бұзушылық фактісі тіркелді. Салдарынан тұтынушылар үшін шектеулер енгізілді.

Кейінге қалдыруға болмайтын қажет шұғыл жұмыстарды ескеріп, Үкімет резервтен Риддер қаласының «Водоканал» ШЖҚ МКК жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлді. Бұл жылу желілерінің тозу деңгейін жарамды көрсеткішке дейін жеткізуге және қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаладағы 50-ден аса учаскеде жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін реконструкциялауға қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойған еді. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге бөлінді.

Жалпы, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмысы аясында Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама