Оның қылмыстық жолмен тапқан табысы – 4,3 млрд теңге
Мемлекеттен 1,1 млрд теңге жымқырған Әнуарбек Жексенғалиев сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрланған қаражатты заңды айналымға тартқан Әнуарбек Жексенғалиев мүлкі тәркіленіп, 6 жылға және 8 айға бас бостандығынан айырылған. Оның қылмыстық жолмен тапқан табысы – 4,3 млрд теңге.
Өткізілген параллельді қаржылық тергеу нәтижесінде қылмыстық активтерді жылыстатудың күрделі схемасы зерттелді. Жексенғалиевтің мемлекеттік бюджеттің 1,1 млрд теңгесін жымқырып, оны бақылауындағы жалған кәсіпорындардың шоттарына аудару жолымен заңдастырғаны анықталды. Сонымен қатар, ол қаражатты алып, шетел валютасына айырбастау бойынша қаржылық операцияларды іске асырған.
Сондай-ақ ол ұрланған қаражатты жылыстату үшін жылжымайтын мүліктер бойынша жалған мәмілелер жасаған.
Қылмыстық кірістерді заңдастыру және жылыстату әрекеттері 2019-2022 жылдар аралығында іске асырылды. Ол жер телімдерін сатып алып, құрылыс компанияларына өткізіп, пайдалануға берілген үйлерден сыйақы ретінде пәтерлерді алып отырған.
Жексенғалиевтен мемлекет кірісіне тәркіленген мүліктің көлемі – 4,7 млрд теңге.