Ақтөбе мектептерінде есепшілер ақша жымқырған
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр
Ақтөбе қаласының прокуратурасы мектептерде жүргізілген тексеру кезінде бюджет қаражатын жымқыру деректерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылдың ішінде мектеп есепшілері ақша жымқыру мақсатында өз есепшоттарына заңсыз аударымдар жасаған. Мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 22 млн теңгеден асады.
Сонымен қатар, жұмысты толық орындамаған мердігерлерге негізсіз төлемдер жасау деректері де анықталды.
Барлық құқықбұзушылық фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігімен («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №6 жалпы білім беретін мектебінде 26 млн теңгеге заң бұзушылық анықталғанын хабарлаған болатынбыз. Білім мекемесіне қатысты аудиторлық тексеруді Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүргізді.
Сондай-ақ Абай облысында да есепші мектеп директорының электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, 2,8 млн теңгені жеке шотына аударған.