Halyq Uni логотип
×

Мопед жүргізушілеріне талап күшейеді: Мәжіліс заңды қабылдады

Енді мопед көлік болып саналады

 Дәурен Ерболат 15.05.2024 | 12:57
Мопед жүргізушілеріне талап күшейеді: Мәжіліс заңды қабылдады
Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» заңына жекелеген көлік түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы және оған ілеспе заң жобалары екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 17 сәуірде аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева құжаттарды талқылау барысында тиісті нақтылаулар енгізілгенін атап өтті.

Мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданған соң 6 айдан кейін басталады. Жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Қозғалтқышы бар велосипед ұғымы нақтыланды. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады, - деді депутат.

Сондай-ақ көліктерді техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға талап та күшейеді.

«Көліктердің габариттері мен салмағы бөлігінде жолдардағы цифрлық жүйелермен ереже бұзуды автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгеріп жатыр. Жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілерін оқытуға қатысты бірқатар қосымша талап енгізіледі. Осы және басқа да бірқатар ұсыныс заңның редакциясын жақсартады және заң жобасының мазмұнын толықтырады», - деді Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ заң жобасында төмендегі нормалар бар:

  • Мопед жүргізушіге қойылатын талаптарды белгілеу;
  • Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу;
  • Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;
  • Жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама