×

Африка аламанында желаяқ журналист үздік бестіктен көрінді

Еренғайып Қуатайұлы Намибия шөлінде 57 градус ыстықта 250 шақырымды жүгіріп өтті

 Дастан Жұмабекұлы 06.05.2024 | 15:35
Фото: facebook.com/yerengaiyp.quataiuly

Белгілі журналист, кәсіпкер, былтыр АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында алғаш болып отандастарымыздың арасында алты мэйжор марафонды sub 3, яғни 3 сағат ішінде жүгірген Еренғайып Қуатайұлы Африканың Намибия елінде өткен ультрамарафонға қатысып, үздік бестіктен көрінді.

Ол соңғы рет наурыз айында Португалияның Лиссабон қаласында жалауы желбіреген Lisbon half marathon-2024 марафонына қатысқан болатын. Содан кейін Африканың Намибия мемлекетіне барып, тағы да бағын сынап көрді. Бұл жолы марафоншы жер-жүзіндегі ең ыстық шөлдің бірі Намиб шөлінде 57 градус ыстықта 250 шақырымды жүгіріп, 150-ге жуық адамның арасынан жалпы есепте жарысты бесінші болып аяқтады.

Алты күндік аламанды аман-есен аяқтадым. Жұмыр жердегі ең ежелгі және ең ыстық шөлдің бірі Африканың Намиб шөлін жүгіріп өту бақыты бұйырды. 250 шақырымдық «өлім жарысына» 47 елден 150-ге жуық ультрамарафоншы қатысты. 57 градус аптап ыстыққа шыдамай олардың 20 пайызы жарыс жолынан шығуға мәжбүр болды. Алты күн ішіп-жейтін ас-суыңды, көрпе-жастығыңды арқалап жүгіру әрине оңай болмады. Арқаңдағы он келі жүк он тоннадай болды.

Жалпы есепте бесінші орынға тұрақтап, әуел бастағы финишке жету мақсатым артығымен орындалды, – деді Еренғайып Қуатайұлы.

Марафоншы кәсіпкер әрі журналист Еренғайып Қуатайұлы – отандастарымыздың арасында алғаш болып 6 мэйжор марафонды sub 3, яғни 3 сағат ішінде жүгірген азамат. Ол Бостон, Чикаго, Нью-Йорк, Берлин, Лондон, Токио марафондарында, яғни, 6 мэйжорды жүгірген 6 адамның бірі.

Соңғы рет ол жоғары атап өткеніміздей, наурыз айында Португалияның Лиссабон қаласында жалауы желбіреген Lisbon half marathon-2024 марафонында мәреге 1 сағат 21 минут 53 секундтта жетті. Оның айтуынша, нәтиже жаман болған жоқ. Жалпы, Еуропада Лиссабоннан басқа тағы 5 жарты марафон бар. Олар – Прага, Берлин, Кардифф, Копенгаген және Валенция.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама