×

Қазақ журналисі Чикаго марафонына қатысты

Енді ол Нью-Йорк пен Берлин жарыстарында бақ сынасуды жоспарлап отыр

 Дастан Жұмабекұлы 10.10.2022 | 17:41
фото: facebook.com

Белгілі журналист, кәсіпкер Еренғайып Қуатайұлы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен марафонға қатысты.

Биыл ол сәуір айында Бостон қаласында жүгіруден өткен жарысқа қатысқан болатын. Енді міне, ол Атлант мұхитының ар жағында жатқан алып елде ұйымдастырылған тағы бір марафонда бақ сынап көрді.

Оның айтуынша, марафонға 40 мың адам қатысты. Солардың жарысын 1 700 000 жанкүйер тікесінен тік тұрып қолдап тұрды. Ол жарыстың қалай басталғаны туралы былай деді:

Сәуірде Бостонда басталған мейжор марафон кеше Чикагода жалғасты.

… Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас

Нияздың Аюлы мен Қара-ай көлі, –  деп Иманжүсіп сері жырлағандай, 40 мың марафоншы жүгірсе де Чикаго көшесінің шаңы шықпас!

40 мың марафоншыны 1 700 000 жанкүйер тікесінен тік тұрып қолдап тұрды.

Бізге де керегі осы қиқу. Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба демекші, мұндай қиқуда арқаң қозбай көрсін! Оның үстіне ауа-райы да қолайлы болды. Трасса да тақтайдай тегіс…

Оқ атылды. Элита оқша атылды! Сосын қызыл жолақтағы А санатының аузымен құс тістеген жүйріктері кетті. Іле-шала 2:50-3:15 уақытта көмбеге келетін В санатының көшін бастап біз де тізгінді жібердік…, –  деді Еренғайып Қуатайұлы.

Осыдан кейін журналист марафонның 35-шақырымнан кейінгі жағдайды былай деп баяндады:

Марафон 35-шақырымнан кейінгі басталады деген ұғым бар. Міне, 35-км басталды. Әуелгі темп өзгерген жоқ! Аяқ алысым жақсы. Жүрек қағысым одан да жақсы! Кейде «бұл марафон қашан аяқталады» деген жаман ой да болатын. Ал бұл жолы «атпаса екен таңы да» дегендей болды!

Старттан финишке дейін бір қалыпты жүгірдім. 42.2 км бойы 4:00 деген темпті ұстап отырдым. Яки, әр 4 минут сайын –  бір км.

Гармин статистикасы былай дейді: алғашқы 10 км 40 минут, 20 км 80 минут, 30 км 121 минут, 40 км 162 минут…, –  деді кәсіпкер.

Осы марафонда Еренғайып Қуатайұлы мәреге 2 сағат 49 минутта жетті. Бұл – оның өз рекорды. Алайда Чикаго марафонының ресми хаттамасы 2 сағат 51 минут 10 секундты көрсетті. Оның айтуынша, марафоншылар трассаның 800 метр артық екенін, яғни 43 км болғанын айтып жатты. Сөйтіп, ол тура 42 км 200 метрге толғанда сағатын тоқтатып, әрі қарай 800 м жүгірген.

Марафонда оның нәтижесі 2 сағат 51 минут болып тіркелген.

Қалай болғанда да ресми дерекке бағынамыз. Дәл қазір 2:49 немесе 2:51 нәтижесі мен үшін бірдей. Ең бастысы келесі жылғы Нью-Йорк марафонына қатысу үшін квалификацияға қол жетті! Енді 2:45 деген Берлин марафонының квалификациясына жұмыс істеу керек! Чикаго нәтижесі қамалы берік Берлиннің де алынатынына үміт сыйлады! Нәтиженің көкесі осы! Сәуірде ғана өзімнің үздік нәтижеме баланған Бостон марафонының 2:58 уақыты жаңарғаны, әрине жақсы. Бостоннан кейін 35 км екі және 17 км бір трейл, үш жарты марафон (21.1 км), 10 км екі жарыс, бір жарты айронмен, Ocaenman, Pikeman (3,6 км жүзу), 32 км вело жарыстар Чикагода өз нәтижесін берді. Чикаго алдында Ыстық көл жағасындағы 10 күндік жаттығудың да эффектісі көп болды!

Сөзбен айту мүмкін емес ғажайып эмоцияға толы марафон болды, –  деді ол.

Марафоншы жарысқа мотивация беріп, айырықша көңіл бөлген жаттықтырушысы Михаил Красиловқа алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама