Пльзеньдегі турнирде 23 мемлекеттен 550 мерген сынға түсті
Чехияның Пльзень қаласында өткен Гран-при жарысында Қазақстан құрамасы тағы бірнеше жүлдеге ие болды.
Әуелі аралас қарқында қозғалатын жылжымалы нысана көздеуде (10 метр) ерлер арасында Андрей Худяков, Асадбек Назиркульев, Даниил Яковенко үштігі топ жарып, алтын медальді жеңіп алды.
Дәл осы бағдарламада әйелдер арасында Фатима Ирназарова, Александра Садуақасова, Зухра Ирназаровадан құралған команда күміс медаль иеленді.
Одан кейін ұлттық құраманың спортшысы Максим Мазепа тапаншамен 50 метрден оқ атуда 540 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Алтын медаль Словакия спортшысына бұйырды.
Жекелей сында Андрей Худяков қола жүлде үшін таласта 373 ұпаймен жеңіліп қалды. Сондай-ақ жарыс басталған кезде екінші орыннан көрінген Фатима Ирназарова (369 ұпай) төртінші орынды қанағант тұтты. Ол өткен аптада ұлттық құрама команданың сапында Александра Сәдуақасовамен және Зухра Ирназаровамен бірге күміс медаль алған болатын. Сол кезде құрамында Даниил Яковенко, Асадбек Назиркульев пен Андрей Худяков бар ерлер командасы қола медальді иелеген еді.
Пльзеньдегі турнирде 23 мемлекеттен 550 мерген сынға түсті.