Halyq Uni логотип
×

БҚО-да 7 мыңнан аса адам ағайындарының үйін пана тұтып жүр

Бүгінде 4,3 мың адам үйіне оралған

 Дәурен Ерболат 03.05.2024 | 14:48
БҚО-да 7 мыңнан аса адам ағайындарының үйін пана тұтып жүр
Фото: ОКҚ

Батыс Қазақстан облысында табиғи апат салдарынан 7 мыңнан аса тұрғын туған-туыстарының үйін паналап жүр. Бұл туралы БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, өңірдегі Жайық өзеніндегі судың деңгейі күн сайын төмендеп келеді.

Соңғы тәулікте су 7 см-ге дейін түсті. Қазір өзендегі судың деңгейі – 8 метр 6 см. Жалпы, облыста 11 жолды су шайып кету қаупі бар. Жағдай бақылауда. Сондай-ақ 2 елді мекенмен көлік байланысы үзілген. Олар Ақжайық және Теректі аудандарында орналасқан, - деді Нұржан Төлеуіш ОКҚ-да өткен брифингте.

Ресми өкіл тасқын салдарынан 7 мыңнан аса адамның тусынан көмек сұрауға мәжбүр болғанын атап өтті.

Жалпы, тәулік бойынша эвакуацияланған адамдар жоқ. Табиғи апат басталғалы бері 14 мың 78 адам эвакуацияланды. Оның 5 813-і – бала. Бүгінде өңірдегі 12 эвакуациялық пункте 2 324 адам тұрып жатыр. Оның 1 014-і – бала. Туған-туысқандарының үйлеріне 7 409 адам орналасқан. 4 345 адам үйіне оралды, - деді ол.

Қазір 1 млн 209 мыңнан аса текше метр еріген қар суы сорылып, тасқынға қарсы 1 млн 301 мыңнан аса қап, 26 мың 45 тонна инертті материал төселген.

Сондай-ақ авариялық құтқару жұмысына 8 899 адам, 177 техника, 24 су сору құралы, 19 жүзу құралы, 1 әуе кемесі жұмылдырылған.

Облыста жергілікті ауқымдағы 6 төтенше жағдай жарияланды. Ол әлі күшінде. Қазір Тайпақ ауылында су деңгейінің көтерілгені байқалады. Соңғы тәулікте ондағы судың деңгейі 55 см-ге көтерілді, қазіргі деңгей – 8 метр 5 см, - деді Нұржан Төлеуіш.

Бұған дейін СҚО-да 500 үй салынатыны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама