×

Су тасқыны: СҚО-да 500 үй салынады

3,4 мың тұрғынға 369 мың теңге төленген

 Дәурен Ерболат 03.05.2024 | 13:44
Фото: Halyq Uni/ Мейірбек Тажқұранов

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 500 үй салынады. Бұл туралы СҚО әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгін Кожевенный, Подгора ауылдарында қалпына келтіру жұмысы басталған.

Сондай-ақ «Солнечный-2» шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер салынып жатыр. Жергілікті 10 құрылыс компаниясы «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 100 үй салуда. Kaspi АҚ 300 үй, Kazakhmys корпорациясы 100 үй салады. Осылайша, жаңа шағын ауданда тасқыннан зардап шеккендерге арналған барлығы 500 үй салынады. Күн суығанға дейін барлық жұмыс аяқталады, - деді Серік Ғайсин ОКҚ-да өткен брифингте.

Еске сала кетсек, СҚО-ға басқа өңірлерден, сондай-ақ Ресейден, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан 1 473 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген.

Бөлім басшысы облыста 3 мыңға жуық үйдің әлі су астында екенін жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның беті қайтты. 3 898 үйді су басты, 2 830 үй әлі су астында. Барлығы 14 388 адам эвакуацияланды, 5 567 адам үйіне оралды. Ал 8 821 адам – эвакуациялық пунктерде. Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы беру үшін арнайы құрылған комиссияға 3 897 өтініш түсті. 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) көлеміндегі бірыңғай әлеуметтік төлемді 3 447 адам алды. Жалпы төленген қаржы – 1 млрд 271 млн теңге. 390 үй зерттелді, 148 үй бағаланды, 27 үй қалпына келтіруге жарайды, - деді СҚО әкімдігінің өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама