Атыраудағы Қорғаныс істері департаментінің алдында шағын митинг өтті

Айнұр Асылбекқызы

Шараға қатысушылар – Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деген күдікпен қамауға алынған атыраулық сарбаз Айболат Аманжоловтың туыстары

Фото: ашық дереккөздерден

Бүгін, 2 маусым күні Атырау облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің алдында шағын митинг өтті. Шараға қатысушылар – Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деген күдікпен қамауға алынған атыраулық сарбаз Айболат Аманжоловтың туыстары.

Биылғы 22 сәуірде Әлібек Қалбай Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде жұмбақ жағдайда көз жұмған болатын. Ал Айболат Аманжолов келесі күні 23 сәуір күні ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша бойынша («Адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу») күдікті деп танылды.

Таңғы 9.00-ден бері бұл адамдар Айболат Аманжоловты босатуын талап етіп, комиссариат есігін торуылдап жүр. Күдіктінің анасы Айнұр Төлемісова әскери комиссариаттың алдына ұлын Атырауға алып келуін талап етіп келіп тұрғанын айтады.

Менің балам Атыраудан әскери борышын өтеуге осы комиссариаттан кетті. Баламды осы жерден қалай алып кетті, тап солай осында әкеп берсін. Мен баламды соттасын деп жіберген жоқпын, - дейді Айнұр Төлемісова.

Ал, Айболаттың әкесі Азамат Жұмағазиев болса, 1 маусым күні Жамбыл облысы, Қордай ауданына сәлемдеме жеткізуге барған туыстарынан ұлының тергеу абақтысынан Алматыдағы тергеу абақтысына ауыстырылғанын білген.

Сонымен, түскі сағат 12-лер шамасында жиналған адамдарға шыққан облыстық Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник Асхат Айтенов бұл іспен ҚР ІІМ айналысып жатқандықтан, олардың  ешқандай мәлімет бере алмайтынын жеткізді.

- Бірақ, біз құқыққорғау органдарымен байланыстамыз. Қазір тергеу жүріп жатқанда іске араласуға құқымыз жоқ, - деп жауап беріп жатқан Айтеновтың әңгімесіне Айболаттың анасы Айнұрдың сіңлісі Айсұлу Төлемісова араласты. Қысқаша диалог былай өрбіді:

- Айболаттың жазықты екеніне сенесіз бе? Сіздің де балаңыз бар, сіз де әкесіз, осы сұраққа жауап беріңізші. Әке ретінде шын жүректен жауап беріңізші?

- Бала үшін жүрегіміз ауырады. 

- Онда неге қимылдамайсыздар, неге әрекет етпейсіздер?

- Бұл іс біздің ведомствоға қатысты болса, болса бүкіл ақпаратты айтар едім, ІІМ басқа ведомство, сондықтан біздің оларға араласуға өкілеттігіміз жоқ.

- Сіз өзіңіз әскерге балаңызды жібересіз бе?

- Жіберемін.

- Отарға жібермеуге тырысатын боларсыз, Атырауда алып қалуға тырысасыз ғой.

- Отар болсын, басқасы болсын, жалпы бүкіл Қазақстан бойынша кез келген әскери бөлімге жіберемін.

- Бірақ, сізге бәрі таныс болған соң жібересіз ғой. Біздің еш тамыр-танысымыз жоқ...

- Жоқ, мен бұрын әскери бөлімде тәрбие және идеология жұмыстары бойынша бастықтың орынбасары болдым. Күні-түні  офицер мен сержанттардың қасында жауапты болдым. Олардың жұмыс күндері мен демалыс күндері, жалпы жұмсайтын уақыттарын реттеп отыратынбыз.

Бұдан соң Айтеновтың Айболатты Алматыға алып кеткенін туыстарынан қазір біліп отырғанын айтты. «Бала аман-сау ма, білмейміз» деген алаңдаушылығына орай Айтенов «аман-сау» деп жауап берді. Сонымен бірге, туыстарын осы жерде әскери тергеу басқармасына хабарласып, видеомен сөйлестіретінін хабарлады.

Бірақ, туыстары Айболатты Атырауға алып келуін талап етіп, видео арқылы сөйлеспейтінін айтты. Бұдан соң Айтенов оларға талаптарын жазбаша түрде ІІМ-іне жолдауды ұсынды. Ал Айболаттың әкесі Азамат Жұмағазиев комиссариат алдынан ешқайда кетпейтінін, ал комиссариат тарапынан еш әрекет болмаса,

Ақордаға баруға бекініп отырмыз деді. Ол ұлы Айболат өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және мойындамайтынын, соңына дейін не көргенін бәрін айтып беруге дайын екенін жеткізді.

Бірнеше сағаттан соң біз Жұмағазиевпен хабарласқанда, олар қазір әлі де тарамағанын, жергілікті әкімдік өкілдері келіп, арыз-шағымдарын тыңдай ма деген үмітпен кеш қараңғысына дейін тұратынын хабарлады.

Еске салсақ, қазір күдікті ретінде қамауда отырған Айболат Аманжолов та, марқұм маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай да 13 сәуірде әскер қатарына шақырылған. Екеуі де әскери ант қабылдап үлгермеген, жастары 18-де. Алайда, күдіктінің әке-шешесі мен туыстары ұлына жала жабылып отырғанын және іс бойынша нағыз кінәлілерді жасырып, қылмысты ұлының мойнына іліп отыр деп санайды. Айболат Аманжоловтың анасы мен туыстары ұлын қамауға алған соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желілер арқылы араша түсуді сұрап үндеу жолдаған болатын.