Шымкентте белсенді ардагерлер «Таза Қазақстан» науқанына қатысып жатыр

Динара Амантай

Іс-шараға 350 адам атсалысты

Фото: Шымкент қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы басталып, көптеген іс шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі іс-шараға ардагерлер де үлес қосқан. Абай саябағына жиналған белсенділер «Ұрпақтар сабақтастығы» атауымен ата мен немеренің бірлесіп атқарған еңбегіне куә болды.

Осындай үлгі мен даналықты дәріптеп, кейінгі жас ұрпақтың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық, қамқорлық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс шараға қаладағы бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. 

Өз қаламызға қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкентте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай немерелерімізбен бірге саябаққа келіп, тазалық жұмыстарына қатысып жатырмыз. Өсіп келе жатқан балаларымызға, жастарға өнеге үлгі болсын деп атсалысып жатырмыз. Ал жастарымыз үлкендерге, қарияларға, ардагерлерге көмек көрсетіп, игі істермен айналысуда. Осыған үлкен алғысымды білдіремін, – Кенжехан Төлебаев.

350-дей адам қатысқан тазалық жұмысында қариялар мен ардагерлер ерікті жастарға тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстарына қол көмек беріп, ақылдарын айтып, жол көрсетті. Әсіресе қариялар осындай игі істің Ұлы жеңіс күні қарсаңында өткеніне қуанышты.