Алматыда 14 мыңнан аса адам жеке куәліксіз жүр

Динара Амантай

Құжаттарды өңдеу уақыты демалыс және мереке күндерін қоспағанда, 15 жұмыс күнін алады

Фото: polisia.kz

Алматыда 14 мыңнан астам адам алғашқы жеке куәліктерін алмаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық көші-қон қызметі заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтарда 16 жастан бастап берілетін ҚР азаматының жеке куәлігі болуы керектігін айтты. Алматыда 16 жастан асқан 14 мыңнан астам адамның жеке куәлігі жоқ.

16 жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды беру мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсетушіге:

  • 16 жастағы адамның туу туралы куәлігінің түпнұсқасы;
  • құжат алатын адамның өзінің болуы;
  • ата-аналардың біреуінің немесе заңды өкілдің міндетті түрде қатысуы қажет.

Құжаттарды өңдеу уақыты демалыс және мереке күндерін қоспағанда, 15 жұмыс күнін алады.

Сондай-ақ құжатты жеделдетілген түрде дайындау қызметі бар:

  • 1-санат бойынша құжат дайындау 1 жұмыс күнін алады (тіркеу күні қосылмайды), құны – 3 011 теңге, 12 тиын.
  • 2-санат бойынша құжат дайындау 3 жұмыс күнін алады (тіркеу күні қосылмайды), құны – 1 581 теңге, 14 тиын.

Сонымен қатар ведомство өкілдері жеке басын куәландыратын құжатсыз бір айдан астам уақыт тұру Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 493-бабы ережелеріне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын хабарлады.