70 мыңға жуық оқушы антибуллинг бағдарламасына қатысып жатыр

Динара Амантай

«Досболlike» бағдарламасын бүкіл ел аумағында тарату жоспарланып отыр

Фото: Halyq Uni

Биыл наурыздан бастап еліміздің 50 мектебінде Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Досболlike» антибуллинг бағдарламасын апробациялау басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде бағдарламаға республиканың 9 өңірінен 70 мыңнан аса оқушы мен 5 300 педагог қатысып жатыр.

Бұл бағдарлама білім алушылардың конфликтілі жағдайларға сындарлы әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға, балалардың әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамытуға бағытталған. Сәтті апробациядан кейін «Досболlike» бағдарламасын бүкіл ел аумағында тарату жоспарланып отыр. Бұл – оқытудың қауіпсіз ортасын құру үшін маңызды қадам. Онда әрбір бала неғұрлым сенімді, эмоционалды тұрақты және басқалармен ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға дайын бола алады, – деді балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетсек, апробация аясында республика бойынша педагогтерді оқыту және әдістемелік қолдау, мектеп әкімшілігі үшін түрлі семинарлар, тренингтер өткізіледі.