ҚФФ УЕФА-ның футболға баулу жобасында үздік деп танылды

Дастан Жұмабекұлы

Былтыр Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі»  бірнеше айға созылған болатын

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

УЕФА-ның Швейцарияның Ньон қаласындағы штаб-пәтерінде 2023/2024 жылғы UEFA Grassroots Awards бұқаралық футбол бойынша марапаттау рәсімі өтті.

Рәсімде былтыр Қазақстан футбол федерациясының өткізген «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» УЕФА-ның 2023/2024 жылғы маусымының қорытындысы бойынша футболға баулу жобасында үздік деп танылды.

ҚФФ ұйымдастырған «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» 2023 жылы бірнеше айға созылған болатын. Жоба балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін ұжымда жұмыс істеу дағдыларын дамытуға, физикалық және психологиялық денсаулықтарын нығайтуға және қолайлы әлеуметтік ортаны құруға бағытталды.

Фестиваль Қостанай, Павлодар, Тараз, Алматы, Петропавл, Шымкент, Қызылорда, Бурабай, Өскемен және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылды.

UEFA Grassroots Awards премиясына үміткерлерді Еуропаның ұлттық футбол қауымдастықтары ұсынады.  Ал жеңімпаздарды ұйымның төменгі тобының ұсыныстары негізінде УЕФА-ның Даму және техникалық көмек комитеті таңдайды.

УЕФА техникалық директоры Фрэнк Людольф ҚФФ-ны марапатымен құттықтады.

Қазақстанның УЕФА-ға мүшелігіне өткені әлі есімде. Ол кезде мен осы мәселе бойынша жұмыс тобында болған едім. Ал қазір сіздер ерекше футбол жобасын іске қостыңыздар. Бұл футбол ойыннан да жоғары екенін дәлелдейді. Футбол отбасы не жеке жағдайына қарамастан кез келген адамды біріктіреді. Қазақстан футбол федерациясын жеңісімен құттықтаймын! Жобаларыңыз болашақта футболда да, қоғамда да пайдасын тигізетініне сенімдімін, – деді  Людольф.

Еске сала кетсек, UEFA Grassroots Awards марапаты 2010 жылдан бері футболдың дамуына қосқан үлесі мен жетістіктері үшін беріліп келеді.