Атырауда ірі компанияның 1 млрд теңгеге жуық табысы тәркіленді

Динара Амантай

БҚДА мекеме қызметіне тергеу жүргізді

Фото: БҚДА баспасөз қызметі

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қызметіне тергеу жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Нәтижесінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу арқылы сұйытылған мұнай газы нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланудан тұратын бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу дерегі анықталды.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен Серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тартты. 955 млн теңгеден астам көлемде монополиялық табыс тәркіленді және 162 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды, – делінген БҚДА хабарламасында.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының апелляциялық сатысы серіктестіктің шағымын қабылдамай, бірінші сатыдағы шешімді растады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.