Абай облысында тасқын кезінде белсенділік танытқан азаматтар марапатталды

Динара Амантай

Өңірде «Бір шаңырақ астында» атты дөңгелек үстел өтті

Фото: Абай обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Абай облысында «Бір шаңырақ астында» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Басқосуға Қазақстан халқы ассамблеясының, этно мәдени, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік емес ұйымдар, облыстық аналар кеңесінің мүшелері, партия жетекшілері, түрлі сала мамандары, жастар мен еріктілер қатысты.

Дөңгелек үстелде аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, Қазақстан халқының бірлігі күні бір шаңырақ астына жиналған ұлт пен ұлысқа ортақ мереке екенін атап өтті.

Ел бірлігі – елдігіміздің арқауы, тәуелсіздігіміздің тірегі. Біз – барды бағалап, иыққа түскен жүкті бірге көтерумен келеміз. Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен небір заманда да шаңырағымыз шайқалған жоқ. Себебі – күшіміз бірлікте. Биылғы көктемнің сынағын да, жұрт болып жұмылып, ел болып еңсереміз, - деді облыс әкімі.

Кездесуде сөз алғандар тұрақтылық пен келісімнің арқасында еліміздегі ұлт пен ұлыс өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп жатқанын алға тартты.

Ертеңгі Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, мен өз замандастарымның арасында толеранттылықты жетілдіру керектігін айтқан болар едім. Өйткені, толеранттылық бар жерде ізгі істер, жақсы амалдар көбейеді. Ұлтаралық татулық берік орнаған елде мемлекеттің болашағы баянды болмақ. Біз осы бағытта еңбектенуіміз керек, - деді ҚХА мүшесі, студент Омар Османов.

Басқосуда мемлекеттік тілді дамыту, ел бірлігі, өңірімізді көркейту, көгалдандыру мәселелері де әңгіме арқауына айналды.

Жиын соңында тасқын кезінде азаматтық позициясын танытып, зардап шеккендерге қолұшын созған 40-қа жуық тұрғын облыс әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлықтарына ие болды. Олардың арасында ҚХА мүшелері, дін өкілдері, жастар, еріктілер, тәртіп сақшылары, өрт сөндіру қызметінің мамандары, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, ауыл тұрғындары бар.