×

Қызылордалық қоғамдық ұйымдар мен білім саласының өкілдері акцияда белсенділік танытты

Өңірде шараның үшінші аптасы өтіп жатыр

 Динара Амантай 26.04.2024 | 12:17
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгінде елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр. Жалпы бес апта көлемінде өткізілетін экологиялық апталықтың өзіндік мәні мен мазмұнын айшықтайтын арнайы тақырыптар бекітілген. Тиісінше, экологиялық акцияның үшінші аптасы «Жасыл аймақ» атауына бағытталды.

Осыған орай, бүгін аймақтың білім саласының қызметкерлері қаладағы Б. Шөкенов атындағы саябақта ағаштардың діңгегін әктеп, сол аумақта жиналған қоқыстарды тазалады. Одан бөлек, білім саласының қызметкерлері экологиялық акцияда түрлі іс-шараларды өткізіп, ерекше белсенділік танытты. Атап айтқанда, саябақ аумағында «Караоке баттл», «Бауырсақ party» ұйымдастырылып, түрлі бейнедегі аниматорлар тұрғындарға өнер көрсетті.

Бұл экоакцияға AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері, білім саласының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, білім саласының қызметкерлерімен бірге тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Айта кетсек, «Жасыл аймақ» экологиялық апталығы аясында қала және барлық аудандарда ағаш көшеттері отырғызылып, тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама