Гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттан 1 млрд теңге жымқырылған
Бес адам күдікті деп танылды
Қаржылық мониторинг агенттігі гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексереді. Мұндай тапсырманы ведомство басшысы Дмитрий Малахов берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол бөлінген ақшаның қайда кеткенін сапалы тексеру мен бағалауды қамтамасыз ету қажеттігін айтып өтті.
Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіне араласпай, бөгеттер, су бұру объектілерін салу, сондай-ақ өзен арналарын тереңдету үшін ақшаны ұтымды пайдалануды зерделеуі қажет, - деді Дмитрий Малахов.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар 140 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
ҚМА басшысы су тасқыны салдарын жою үшін бөлінген ақшаны мақсатты пайдалану мен көмектің зардап шеккен барлық азаматтарға нақты жетуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Осылайша, қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша 4 іс қозғады. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты.
Сонымен қатар, алдын-алу жұмыстары зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауды жариялайтын алаяқтарға қарсы тұруға бағытталатын болады. Бағаның өсуіне жол бермеуге ерекше назар аудару тапсырылды. Ол үшін азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар бағасының мониторингі жалғасатын болады.
Сонымен қатар құрылыс материалдарының бағасымен алыпсатарлық тәуекелдерін алдын алу қызметін де жандандырады. Анықталған фактілермен күрес аналитикалық құралдарды пайдалана отырып жүргізіледі.
Агенттік басшысы бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмысты жандандыруды және ықтимал манипуляцияларды болдырмау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.