×

Депутат TikTok желісін шектеуді ұсынды

Әлеуметтік желі балалардың денсаулығына теріс әсер етіп жатыр

 Дәурен Ерболат 22.04.2024 | 18:30
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елімізде TikTok әлеуметтік желісін қолдануды шектеуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда Instagram-ға 12,1 млн адам, Facebook-қа 2,6 млн адам, ал 2 жылда TikTok-қа 14,1 млн адам тіркелген. Олар әрбір қазақстандықтың ажырамас бөлігіне айналған.

Ерлан Саиров әлеуметтік желі балалардың психикасына теріс әсер етіп жатқанын атап өтті.

Балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті.

Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біз көптеген ата-әже, әке-анамен кездескен сайын олар осы мәселені жиі көтереді. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды», - деді ол.

Депутат дамыған және дамушы елдер TikTok-қа шектеу қойғанын мысалға келтірді.

2020 жылдан бастап Үндістан «Ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді» деп TikTok желісіне толық тыйым салды. 2018 жылы Индонезия оған уақытша шектеу қойды. 2021 жылы бауырлас Өзбекстан TikTok-қа тыйым салды. Қырғыз елі де аталған әлеуметтік желіге шектеу енгізді. Сондай-ақ АҚШ Үкіметі де TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де шенеуніктердің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. TikTok-ты ойлап табушы Қытай да балаларға «арнайы бала TikTok» контентін ұйымдастырды. Қытайда балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған, - деді Ерлан Саиров.

Ол Үкіметке төмендегі шараларды қолға алуды ұсынды:

Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылығына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контентке шектеу қою;

Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контентті бұғаттау;

TikTok-ты балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде TikTok бұғатталуы мүмкін екені хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама