ХҚКО қызметкері 400-ден аса жүк көлігін заңсыз тіркеген
Салдарынан мемлекеттік бюджетке 3 млрд 156 млн теңге көлеміндегі алым түспеген
Қаржылық мониторинг агенттігі «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бірлесіп, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпаратты енгізу арқылы жүк көліктерін заңсыз тіркеу мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тергеу барысында 2022 жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында Қонаев қаласы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған ХҚКО қызметкерінің 413 жүк көлігінің бастапқы тіркеуін жүргізу барысында көлік санатына қатысты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені анықталды.
Салдарынан мемлекеттік бюджетке 3 млрд 156 млн теңге көлемінде көліктерді бастапқы тіркеу алымы түспеген.
Аталған азаматқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.