Өңірде табиғи апатқа қарсы 6,3 мыңнан аса адам тартылған
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңінде стратегиялық нысандар бақылауға алынды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Оралда «Батыс су арнасы» ЖШС, «Жайықжылуэнерго» АҚ нысандары мен сорғылау стансасында су тасқынына қарсы жұмыстар ұйымдастырылды.
Қалада сумен жабдықтау жұмысы 2 түрлі көзден (жерасты сулары мен Жайық өзені арқылы) іске асырылады. Қаланың 340 мың халқын сумен қамтамасыз ететін «Батыс су арнасы» коммуналдық кәсіпорны қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Мәселен, қажет су мен оны тазалауға арналған реагенттер қоры жеткілікті деңгейде. Апатқа қарсы бригадалар, кәсіпорынның 820 қызметкері мен 82 арнайы техника дайын тұр.
Жайық өзені бойындағы стратегиялық нысандарды тасқыннан қорғау үшін бөгетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары алдын ала қолға алынған. Су таситын арнайы көлік қарастырылған, - деді «Батыс су арнасының» бас инженері Аян Тасқали.
«Жайықжылуэнергосының» жылу жүйесі – 248 шақырымнан астам. Аталған нысандардың аумағын, оның ішінде аса қауіпті учаскелерді су тасқынына қарсы жұмыс аясында құм-қиыршық тас қоспасымен толтыру күшейтілді. Тиісті жұмыстарған 180 адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылып отыр.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысында барлығы 20 мың шақырымнан астам электр желісі бар. Айталық, төрт ауданда 20-дан астам, сондай-ақ Орал қаласында 16 қосалқы станса жұмыс істеп тұр.
Олар қырда орналасқандықтан су басу қаупі жоқ. Бұған қоса, превентивті амалдар қолға алынып, шаһардағы екі қосалқы стансада қап төсеу, қорғаныс үйіндісін орнату жұмыстары қарқын алды. Сонымен бірге апатқа қарсы бригадалар, 1400 қызметкер мен 140 арнайы техника дайын тұр.
Жайық өзенінде орналасқан сорғы стансасын қорғау шаралары да қабылданғанын айта кетейік.
Жайық өзенінің жағасында «Жайықжылуэнерго» мекемесін сумен, сондай-ақ қала халқын ауыз сумен қамтамасыз ететін сорғы стансасы бар. Одан күнделікті шамамен 60 мың текше метр су аламыз. Бұл стратегиялық нысан болып саналады. Сондықтан оның айналасына қап төсеп жатырмыз, - деді Энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Мирас Мүлкәй.
Еске сала кетсек, Батыс Қазақстанда алдағы су тасқынына дайындық аясында қажетті күш жұмылдырылды. Өңірде су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 6,3 мыңнан астам адам және 1,5 мың техника тартылып отыр.
Бұған дейін 2-3 күнде Орал қаласын су басуы мүмкін екені хабарланған еді.