×

Екі-үш күнде Орал қаласын су басуы мүмкін – әкімдік

Курени, Старички, Коминтерн аудандарының тұрғындары шұғыл арада эвакуациялануы қажет

 Дәурен Ерболат 15.04.2024 | 12:12
Фото: Мейірбек Тажқұранов

БҚО әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен 2-3 күнде Орал қаласын су басуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында жағдай әлі күрделі.

Жайық өзенінің бойына жақын орналасқан Орал қаласында және 4 ауданда (Ақжайық, Бөрілі, Теректі, Бәйтерек) су тасқыны қаупіне байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде Ресейден судың мол көлемі 2-3 күнде облысымызға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, бүгін Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтады, - деді Ерхан Таткен ОКҚ-да өткен брифингте.

Қазір төтенше жағдай қызметі мен күштік құрылымдар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Су тасқынына қарсы күреске 6 389 адам және 1 403 техника жұмылдырылған.

Баспасөз хатшысы БҚО-дағы тұрғындарға ескерту жасады.

Дәл қазір қала әкімдігі тұрғындарға үндеу жасапты. «Ресейдің Орынбор аймағынан су 2-3 күнде келеді. Осыған байланысты Орал қаласындағы қауіпті аймақтың тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшірілуге тиіс» деп жазылған ақпаратта. Атап айтқанда, Орал қаласы Жайық өзені бойындағы саяжаяларды су басу қаупі жоғары: Курени, Старички, Коминтерн аудандарының тұрғындары шұғыл арада эвакуациялануы қажет. Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйлерді су басуы мүмкін деген хабар тарап жатыр. Осыған байланысты облыс орталығында эвакуациялық пунктер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды, - деді ол.

Су тасқыны басталғалы бері өңірде 14 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Эвакуациялық пунктерде 2 мыңнан аса адам орналасқан. Қалған тұрғындар жақындары мен туысқандарының үйлеріне барған.

Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрілі, Теректі, Бәйтерек аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. БҚО әкімі Нариман Төреғалиев барлық жағдайды бақылауда ұстап отыр, - деді Ерхан Таткен.

Бұған дейін табиғи апаттан 111 мыңнан аса адам құтқарылғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама