×

Елімізге Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ресми сапармен келеді

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады 

 Дастан Жұмабекұлы 09.04.2024 | 13:07
Фото: Ақорда

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге ресми сапармен келеді. Сапар 18-19 сәуірге жоспарланып отыр. Бұл ақпаратты Қырғыз Республикасы басшысының баспасөз қызметі растады.

Сапар аясында екі елдің президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысын өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды. Сонымен бірге Садыр Жапаров Қазақстандағы қырғыз киносы күндерінің ашылуына және басқа да бірқатар іс-шараға қатысады.

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен телефонмен сөйлескен болатын. Осы әңгімеде Қасым-Жомарт Кемелұлы көрші елдің басшысын елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Сонымен берге Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл гуманитарлық көмектің екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті.

Мемлекет басшылары қазақ-қырғыз қарым-қатынастары барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Ал бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама