×

Қытайтанушы Константин Сыроежкин түрмеден босап шықты – БАҚ

Саясаттанушы 2019 жылы «Мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 10 жылға сотталған болатын

 Дастан Жұмабекұлы 05.04.2024 | 14:27
Фото: сол жақтағы Константин Сыроежкин, facebook.com/anton.morozov.50

Осыдан 5 жыл бұрын «Мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 10 жылға сотталған қытайтанушы ғалым Константин Сыроежкин түрмеден босап шықты. Бұл туралы өзінің Telegram-арнасында саясаттанушы Марат Шибутов айтты, деп хабарлады Orda.kz.

Сыроежкиннің тағы бір әріптесі Антон Морозов ақпаратты растап, ол да өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қытайтанушымен бірге түскен фотосын жариялады.

Сыроежкин түрмеде 5 жыл отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол 2019 жылы «Мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 10 жылға сотталған болатын. Қытайтанушы Алматыдағы пәтерінде құпия операция кезінде ұсталған. Сол кезде оның 2005 жылы Ресейдің азаматтығын алғаны белгілі болған.

Одан кейін тағы бірнеше адам «Мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен ұсталып, бас бостандығынан айырылды.

2008 жылы Бас прокуратураның бұрынғы қызметкері Дилмурат Абдраимов пен Қарулы күштердің экс-офицері Константин Колесников мемлекетке опасыздық жасап, Қытайға шпионаж жасады деген күдікпен 11 жылға сотталды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185-бабы бойынша, яғни мемлекеттік құпияларды жинап, оларды жариялады деген күдіктен сол кездегі Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтпаев та бас бостандығынан айырылған болатын. Олар да түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама