×

Қостанай облысында 80-нен аса шетелдік жүк көлігін заңсыз тіркегендер тергеліп жатыр

Мемлекетке келтірілген шығын – 591 млн теңге

 Динара Амантай 02.04.2024 | 09:26
Фото: видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті 83 ауыр салмақты көлікті бастапқы тіркеуді төлемсіз, заңсыз жүргізу фактісі бойынша сотқа дейінгі істі қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Республика бойынша басталған ауқымды тексеру аясында Қостанай облысының бірқатар тұрғынының 2020-2023 жылдар аралығында Еуропадан Қазақстан аумағына шет мемлекеттердің шығарылған жылы туралы жалған ақпаратты көрсететiн тіркеу куәліктерін пайдаланып, жүк көлік тіркемелерін әкелгені анықталды. Бұл бастапқы тіркеу төлемін 7 млн теңгеден 700 мыңға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Салық кодексіне сәйкес, шығарылған күні расталған жүк көліктері үшін төленетін сома 2500 АЕК болатын еді, бірақ күдіктілер жалған құжат арқылы 350 АЕК төлеген.

Мемлекетке келтірілген шығын – 591 млн теңге.

Күдіктілердің тұрғылықты жері мен қызметтік үйлеріне тінту кезінде халықаралық жүкқұжаттар, шот-фактуралар мен кедендік төлемдерді төлеу түбіртектері, көлік сатып алу келісімшарттары, декларациялар анықталып, тәркіленді.

Сот санкциясымен жоғарыда аталған көліктерге, сондай-ақ күдіктілердің 1 млрд теңгеге жуық мүлкіне тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама