«Ұрпағымыз ана тілін білмейді»: Петропавлда 40 мектептің 8-і ғана қазақ тілінде білім береді

Нұрдәулет Кенжебай

Қаладағы 27 мыңнан астам оқушының тек 5 400-ден астамы ғана қазақ тілінде білім алады

фото: ашық дереккөзден

Петропавл қаласында 40 мектеп жұмыс істеп тұр. Алайда соның 8-і ғана қазақ тілінде білім береді. Мемлекеттік тілдің деңгейі –  өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Бірақ ұзақ жылдардан бері түйінін таппай келеді? Қазақ мектептерінің санын көбейтуге не кедергі?

Немересін орыс мектебінде оқытып жүргендердің бірі – Анархан Исаева. Зейнеткер амалсыздан сондай қадамға барғанын айтып отыр. Немересі қазақ мектептерінің біріне түспек болып, емтихан тапсырған, алайда өтпей қалған. 

«Ұрпағымыз қазақ тілін дұрыс білмейді, оны мойындаймын. Отбасында кеткен олқылық. Соны жөндемек болып, баланы қазақ мектебіне беруді ұйғардық. Бірақ емтиханнан сүрінді. Амалсыздан орыс мектебіне жібердік. 1-ші сыныпқа арнайы сынақ арқылы қабылдау дұрыс емес», - дейді зейнеткер. 

Мұғалімдердің айтуынша, балаларын қазақ мектебіне беріп, кейін алып кететіндер де баршылық. Оған ата-аналардың мемлекеттік тілде сөйлемек түгілі, түсінбеуі себеп.

«Қазақша жетік білмейтін балаларды ата-аналар 1-2 тоқсаннан кейін орыс мектебіне ауыстырып жібереді. Өйткені өздері оқушыға үй тапсырмасын орындауға көмектесе алмайды. Бұл дұрыс емес. Тілді үйренбейтін бала болмайды. Тек қиындыққа төзу керек. Қазір интернет желісінде аударма жасауға арналған сан-алуан бағдарлама бар. Сондықтан түсінбегеніңді тәжімалап алу қиын емес. Ата-ана баланың сабағын екі жыл бойы жақсылап қадағаласа, 3-4 сыныпта олар өздері-ақ оқып кетеді. Бір жағынан баламен бірге сабақ оқу арқылы ересектер де тілді үйренеді», - дейді бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Сатыбалдиева. 

Алмагүл Сатыбалдиева – 34 жыл еңбек өтілі бар ұстаз. Балалардың қазақ мектебінде білім алып жүріп, орыс сыныбына ауысуына мұғалімдердің ықпалы барын айтады. 

«Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ қазақша түсінбейтін баланы орыс мектебіне ауыстыруға кеңес беретін мұғалімдер де бар. Олар бірінші кезекте өздері артық жұмыс істегісі келмейді. Қиналып жүрген ата-ана да бұған қуана келісе салады. Өзімде талай жағдай болды. Бірақ ата-аналарды керісінше, баласын қазақ мектебінде оқытуға үгіттеймін. Тілді түсінбейтін баламен 2-3 есе артық жұмыс істейсің. Себебі ұлтыңа, туған тіліңе деген патриоттық сезім алға жетелейді. Бұл жерде ата-ана мен мұғалім бірлесе жұмыс істеуі шарт. Қазір репетиторлық орталықтар да көп. Қысқасы, ниеті бар адам амалын табады. Ата-аналар «балам 5-ке оқысын» деген ұстанымды қоюы керек. Бастысы тілді меңгерсе, кейін оқу үлгерімі өзі-ақ жақсарады», - дейді Алмагүл Сатыбалдықызы. 

Зағифа Ахметова Қызылжар ауданындағы Бескөл мектеп-колледжінде аудармашы болып жұмыс істейді. Ол ата-аналардың басым бөлігі балаларын орыс тілінде білім беретін сыныптарға беруді жөн санайтынын айтады. 

«Бүгінде біздің қоғамда ата аналардың орыс мектептерін таңдауы, яғни балаларын өз ана тілдерінен алыстатып, өзге тілде білім алуға итермелеуі –  ең өзекті мәселе болып тұр. Бұл жағдай мені қатты алаңдатады. 1-сыныпқа балаларын тіркеуге алып келіп жатқан жап-жас қазақ ата-аналардың саны күн сайын артып барады. Құжат қабылдап жүргендіктен көріп жүрмін. Мен әрбір келген ата анадан орыс мектебін таңдаудағы себебін сұраймын. Түсінеді-ау дегендеріне тіпті ақылымды айтамын. Сонда қазақ мектебінің үйінен алыстығын, өздерінің қазақ тілін білмейтіндігін, ертеңгі күні үй тапсырмасын орындауға қиналатындығын сылтау етеді. Бұл мәселенің күрмеуі өте қиын. Мәселе балабақшамен де шешілмейді. Сондықтан да көп жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын. Жергілікті биліктен көмек күтудің түкке қажеті жоқ. Олар ештеңе істей алмайды және істемейді де. Себебі, мен білетін аты қазақ басшылардың балалары орыс мектебінде оқиды», - дейді Зағифа Ахметова.

Облыстық білім басқармасының өкілдерінің айтуынша, Петропавл қаласында жұмыс істеп тұрған 8 мектеп сұранысты толық жауып отыр. 

«Қаладағы 40 мектепте 27 322 оқушы білім алып жүр. Оның ішінде қазақ тілінде 5 467 бала оқиды, бұл жалпы көрсеткіштің 20 пайызы. Орыс тілінде 21 855 бала оқиды. Облысымызда қазақ тілінде оқытатын мектептер ашудың тұрақты оң динамикасы байқалады, соған сәйкес қазақ тілін қолдану аясы тек оқу үрдісінде ғана емес, сонымен бірге тәрбие ісінде де кеңейе түсуде. Соңғы 3 жылдың ішінде 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үшеуі Петропавл қаласында, біреуі Қызылжар ауданының Бескөл ауылында.  Жаңа мектептердің ашылуы барлығына мемлекеттік тілде білім алуға мүмкіндік береді», - дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова. 

Дереккөз Азаттық рухы