Астанада әлем чемпионы туралы фильм көрсетіледі (ВИДЕО)
Фильмнің тұсаукесері 15 наурызда сағат 18:00-де «Сарыарқа» кинопаркінде болады
15 наурызда Астанада пара дзюдодан әлем чемпионы Ерғали Шамейдің өміріне негізделген қысқаметражды фильмнің тұсаукесері өтеді.
Фильмнің аты «Үміт сәулесі» деп аталады. Бұл фильмді Kazakhcinema мен Dala Cinema компаниясы бірігіп түсірген. Фильм тек спорттық жетістіктерге емес, сонымен қатар қоғамымыздың маңызды әлеуметтік мәселелеріне де назар аудартады.
Кинематографтың бұл туындысы KISFF2023 кинофестивалінде беделді Special Mention Award номинациясымен марапатталып, әлеуметтік маңыздылығын халықаралық дәрежеде дәлелдеп үлгерді. Сонымен қатар фильм BCN Sports Film Barcelona International Film Festival фестивалінде лайықты құрметке ие болды.
Бұл фильм биыл Францияның астанасында жалауы көтерілетін жазғы Паралимпиада ойындарының алдында еліміздің пара спортшыларына қолдау көрсетіп, жетістіктеріне лайықты назар аударуға септігін тигізеді. Сондай-ақ ол – қоғамымыздағы маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдауға арналған тамаша мүмкіндік, – деді Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының маманы Құралай Әшімханова.
Фильмнің тұсаукесері 15 наурызда сағат 18:00-де «Сарыарқа» ойын-сауық орталығында орналасқан кинопаркте болады.