Шетелдік ескі көліктің жылын жаңалап тіркемек болғандар тергеліп жатыр
Алдын ала есеп бойынша, бюджетке 14,3 млрд теңге залал келтірілген
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет көлік құралының шығарылған жылына байланысты тіркеу алымдарының мөлшерлемесін төмендету арқылы елге жаңа жүк көліктері мен автобустарды әкелуді ынталандырады. Көліктердің көпшілігі әлі де дизельмен жұмыс істейді және соның салдарынан ауаның ластану деңгейі артып келеді. Егер автокөліктің шығарылу мерзімі 5 жылдан асса, онда 2 500 АЕК төлеу керек, ал егер 2 жыл толмаса, төленетін сома 0,25 АЕК-ке дейін қысқарады.
Сондықтан кейбір жосықсыз азаматтар елге ескі және қауіпті жүк көліктерін, автобустарды жалған құжаттар бойынша әкелуге тырысып, шығарылған жылын ауыстырады. Тек анықталған фактілер бойынша 2022-2023 жылдары сотқа дейінгі 23 тергеу басталды. Онда алдын ала есеп бойынша, бюджетке 14,3 млрд теңге залал келтірілген.
Бұл істерге Мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Көліктерді заңсыз бастапқы тіркеудің негізгі схемалары анықталды. Алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар арнайы ХҚКО-ға бастапқы алымның ең төменгі мөлшерлемесін төлеу мақсатында шығарылған күні өзгертілген жалған түбіртектерді ұсына отырып, автокөлікті есепке қоюды іске асырған. Кейбір жағдайда тіркеу (2016 жыл бұрын) Egov порталы арқылы онлайн режимінде, жалған құжаттарды пайдалана отырып, ресми дилерден сатып алынған және жаңа КҚ ретінде алымдарды төлеу арқылы жүргізілген, – делінген ҚМА хабарламасында.
Халықаралық автокөлік тасымалдаушысының куәлігі берілген фактілер болған. Ондай жағдайда бастапқы есепке қою алымды төлемей жүргізіледі. Кейбір жағдайда тіркеу контрабандалық жолмен әкелінген көліктерге құжаттардың барлық пакетін қолдан жасаумен іске асырылды.
ҚМА жүргізген талдау көліктерді алғашқы тіркеуді Арнайы ХҚКО қызметкерлері интеграцияланған ақпараттық жүйеге авто санаты туралы дәйексіз деректерді «қолдан» енгізу арқылы жасалғанын көрсетті. Автокөліктерді бүкіл ел аумағында одан әрі заңсыз алаяқтық схемалар арқылы тіркеуді болдырмау мақсатында агенттік ақпараттық жүйелерді айналып өтіп, деректерді «қолдан» енгізу мүмкіндігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдады. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен бірлесіп, Мемлекеттік корпорация қызметінің қағидаларына заңнамалық деңгейде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.