Нұрсұлтан Байтілесов ант берді
Жаңадан сайланған Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов ант берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға ант етемін! - деді Нұрсұлтан Байтілесов Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол Мәжілістің Экономикалық заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі атанды.
Айта кетсек, 33 жастағы Нұрсұлтан Байтілесов Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған. Сондай-ақ Астана, Атырау, Павлодар облыстарының соттарында қызмет атқарған. Әскери сот әкімшісінің басшысы, Шымкент қаласындағы соттар әкімшісі болған.
2020-2023 жылдар аралығында Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2023 жылғы ақпаннан бастап Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған.
Бұған дейін президенттің Жарлығымен Мәжіліс депутаты Мәди Такиев Қаржы министрі лауазымына тағайындалған еді. Оның депутаттық өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды.