Eolus қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұзақ жылға сотталды
Ол криптовалюта түрінде қаржы жинаған
Астанада Eolus қаржы пирамидасының бөлімшесін ұйымдастырушы ұзақ жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады ҚМА.
Күдікті 2023 жылы АҚШ-та орналасқан жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу желеуімен жеке тұлғалардан ақша жинаған әрі ENERGY EOLUS QAZAQSTAN ЖШС-ын ашқан.
Инвесторлардың қаражаты криптовалюта түрінде тартылған. Сондай-ақ есепке алу мен қайта бөлу үшін шетелдік хакерлер жасаған energyeolus.info платформасында көрсетілген. Астанада 535 адам қаржы пирамидасына ақша салған. Сот шешімімен 187 млн теңгеге тең 408 мың USDt көлеміндегі криптовалюта мемлекет пайдасына тәркіленді.
Сот үкімімен ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды әрі 5 жылға азаматтардың қаражаты мен инвестициясын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.