×

Кентауда колледжде оқитын ерекше балалардың құқығы өрескел бұзылған

Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен ескірген медициналық препараттар қолданылған

 Динара Амантай 22.02.2024 | 11:33
Фото: Halyq Uni

Түркістан облысының прокуратурасы Кентау қаласында орналаcқан «Арнайы кәсіптік колледжде» оқитын 80 ерекше бала құқығының өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл колледж – еліміздегі жалғыз мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін құрылған мекеме.

Прокурорлық тексерумен колледж басшылығының ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды. Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды. Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен ескірген медициналық препараттар қолданылған.

Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған.

Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқығын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама