«Қазкоммерцбанк» АҚ-ға қатысты қылмыстық іс бойынша активтер мемлекетке қайтарылды
Мүлік Алматы қаласы әкімдігінің балансына қойылды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасының үйлестіруімен ақшалай қаражатты ұрлау фактісі бойынша «Қазкоммерцбанк» АҚ-на қатысты қылмыстық іс шеңберінде параллельді қаржылық тергеу жүргізіп, сотқа дейінгі тәркілеу рәсімін іске асырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Соттың санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 44,5 млрд теңге болатын ауданы 300 гектарға жуық жер учаскелері мен автокөлік бұғатталды. Келтірілген залалды өтеу мақсатында ҚР ҚПК 667, 668-баптарының тәртібімен іздеу жарияланған тұлғаларға қатысты қылмыстық жолмен өндірілген мүлікті сотқа дейінгі тәркілеу көзделген, – делінген ҚМА хабарламасында.
Сот шешімімен мүлік Алматы қаласы әкімдігінің балансына қою арқылы мемлекет кірісіне айналдырылды.
Қазір аталған активтер мемлекет меншігіне берілді, ал тәркіленуге жататын өзге де мүлікті іздеу жалғасып жатыр.