Тау-кен жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті Майқайыңдағы құтқару жұмысының қайта басталғанын хабарлады.
Тау-кен жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады. Шұңқырдың айналасында қоршау үшін үйінділер жасалады. Тау-кен-инженерлік жұмыстарды жүргізу жобасын дайындау бойынша жұмыс жүргізіледі. Ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейіп, аппарель құлаудың түбіне дейін тереңдей түседі, – делінген хабарламада.
Қазір осы жұмыстармен кәсіпорын айналысып жатыр. Ал Павлодар облысының ТЖД құрылымдары құтқару жұмысын жалғастыруға тапсырма күтіп отыр.
Бұған дейін Майқайыңда шұңқырға құлаған автобуспен бірге табылмай жатқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің зайыбы әлеуметтік желі арқылы тағы да үндеу жолдап, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген бір ай ішінде «Майқайыңалтын» кәсіпорнының білікті мамандары тартылмағанын айтқан еді.