×

Шымкентте жиналыс үстінде ұсталған шенеунік екі айға қамауға алынды

Жиналыстан жетектеп әкеткенде Азат Момыновтың өзі қарсылық танытқан жоқ.

 Халық үні 06.02.2024 | 21:47
Фото: видеодан алынды

Шымкентте дәл жиналыс үстінде ұсталған шенеунік екі айға қамауға алынды. Қалада Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарған Азат Момыновты антикор қызметкерлері әріптестерінің көзінше алып кеткен еді, деп хабарлады КТК телеарнасы.

«Бір емес, бірнеше рет айттым. Осы жерден алып кетіңіздер. Өз орындарыңызда отыра беріңіздер, антикор жұмыс істеуде. Азат Момынов, сіз бе? Қылмыстық іс аясында, бізбен еріп жүріңіз ...», - дейді Антикор өкілдері.

Бірақ залда отырған өзге шенеуніктердің түрі бозарып кеткені анық байқалады. Әкім Ғабит Сыздықбеков тұрғын үй басқармасының басшысына бірнеше мәрте жемқорлыққа жол бермеуді ескерткен екен. Бірақ осы қызметте бар-жоғы төрт ай істеген шенеунік Шымкенттегі 216 көпқабатты үйдің сейсмикалық мығымдығын тексеруге арналған 120 миллион теңгені Қазығұрт ауылынан салынып жатқан монша кешенінің құрылысына жұмсаған деген күдікке ілінді. Енді Азат Момыновтың кінәсін тергеу органдары тексереді. Ал шенеуніктер алдында шоу жасаған әкім антикор кеткен соң, бұл жағдай бәрінің басына тууы мүмкін екенін тағы бір мәрте ескертті.

«Осыған дейін ойлаған боларсыздар әшейін әңгіме деп. Әңгіме емес, бұл менің шын позициям, тапсырмам, тағы маған берілген. Мен одан қайтпаймын, ешқашан. Қаланы жөндеп біржағына шығаруға тырысамыз, қолдан келгенше. Президент тапсырма беріп отыр ақшаны ұрламаңыздар деп, халықтың ақшасы бұл, сіздердің бала-шағаңыздың ақшасы. Сіздерге бұл сабақ болсын. Кез келгеніңізбен осылай болады, егер қоймасаңыздар», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама