Азия кубогы: Тәжікстан ширек финалға шықты (ВИДЕО)
Орта Азия командасы жүлдеге жақындап келеді
Катарда футболдан өтіп жатқан Азия кубогында сенсация болды. Тәжікстан құрамасы 1/8 финалда Біріккен Араб Әмірліктерін пенальти сериясында жеңіп, ширек финалға шықты.
Бұл додаға Тәжікстан құрамасы алғаш рет қатысып жатыр. Тәжік елінің футболшылары Азия кубогы жолындағы турнирде плей-оффқа өз тобында алаң иелері – Катарды ғана алға жіберіп, 2-орынмен жолдама алған еді. Енді міне, Орта Азия командасы БАӘ-мен ойында негізгі уақытта 1:1 есебімен тең тарқасып, пенальти сериясында 5:3 есебімен басым түсті.
Енді бас жаттықтырушы Петар Шегрттің командасы Ирак пен Иорданияның ұлттық құрамалары арасындағы мачтың жеңімпазымен кездеседі. Бұл маман Хорватиядан келген. Қазір ол Тәжікстанның да азаматтығын алған. Ал Ирак пен Иорданияның матчы бүгін болады.
Бүгін Катар мен Палестинаның құрамалары да ойнайды.
1/8 финалдың басқа ойындарында Аустралия Индонезияны 4:0 есебімен жеңді. Аустралия ширек финалда Сауд Арабиясы-Оңтүстік Корея матчында жеңген командамен ойнайды. Бұл матч 30 қаңтарда өтеді.
31 қаңтарда Бахрейн мен Жапония, Иран мен Сирия командалары күш сынасады.
10 ақпанда финал болады. Сол күні сарықұрлықтың биылғы кубогының иегері анықталады.