×

Канвон-2024: Қазақстан жалпыкомандалық есепте 17-орында тұр

Қысқы Олимпиада бел ортасынан асты

 Дастан Жұмабекұлы 29.01.2024 | 13:56
Фото: Сали Сабиров

Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясының Каннын қаласында қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының басталғанына 10 күн өтті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.

Қазір Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 17-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтын жүлдені Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден ұлттық құрама командаларымыз қола медальді жеңіп алған.

Бүгін Ұлттық құрама спортшылары шаңғымен жарыста және кёрлингте сынға түсті. Мерей, Ибрагим Тастеміровтер топтық кезеңде Швейцария құрамасына (Яна-Тамара Хахлен, Невио Каччивио) жол берді. Есеп – 1:9.

Осыдан кейін шаңғымен жарыста Қазақстан атлеттерінен жақсы нәтижені Берік Боранбаев көрсетті. Ол спринтте іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалдан әрі аса алмады. Әубәкір Тотанов 37-сатыға тұрақтады (3:18.78). Қыздар арасында Виолетта Митропольская 33-ші (3:50.35), Милана Мамедова 56-орыннан көрінді (4:13.16).

Спринтте қыздар арасында Эльза Тенгландер (Швеция, 3:33.98) топ жарса, Кайса Йоханнсон (Швеция, 3:33.98) екінші, Нейли-Лотта Карпеллин (Финляндия, 3:34.46) үшінші сатыға жайғасты. Ұлдарда Федерико Поцци (Италия, 3:16.27) Олимпиаданың чемпионы атанды. Күміс жүлдені Элиас Мохта (Германия, 3:16.60) иеленсе, қола медаль Тэйбор Гринбергке (АҚШ, 3:17.33) бұйырды.

Ертең шаңғымен 7,5 шақырымға жарыс (классикалық жүріспен) болады. Спортшылар Астана уақытымен 8:00-де (ұлдар) және 10:30-да (қыздар) шығады. Ал кёрлингтен Қазақстан мен Италия ойыны 15:00-де басталады. Жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.

IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама