×

Отбасындағы зорлық-зомбылық қай өңірлерде жиі тіркеледі?

Заң бұзғандарға жалпы 4,8 млн теңге айыппұл салынған

 Дәурен Ерболат 26.01.2024 | 12:23
Фото: Halyq Uni

Былтыр қаңтар-желтоқсанда Қазақстанда отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас бойынша 47,6 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлады Ranking.kz.

Өткен жылғы көрсеткіш – 25,1 мың құқықбұзушылық. Жылдық өсім – 89,3%. Оның 20,8 мыңы – денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 16,9 мыңы – ұрып-соғу, 743-і – жала жабу.

Мұның ішінде 43,7 мың әкімшілік іс қаралды (бір жылдағы өсім – 80,6%).

Қаралған отбасы-тұрмыстық істердің 24,5 мыңы тоқтатылды. Бұл – 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Қалған 19,2 мың іс бойынша әкімшілік жаза қолданылды.

19,2 мың істің 9,5 мыңы әкімшілік қамауға алумен, 9,4 мыңы ескертумен, 247-сі әкімшілік айыппұлмен шешілді. Бір іс бойынша азамат Қазақстаннан шығарылды (шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға қатысты).

Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 4,8 млн теңге. Оның әзірге тек 2,6 млн теңгесі өндірілді. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 2 млн теңге.

Сондай-ақ 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық салада 923 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, бұл – бір жыл бұрынғыдан 2% аз.

Тұрмыста кең таралған қылмыстық құқықбұзушылықтарға адам өлтіру (108 іс), абайсызда денсаулыққа зиян келтіру (19 іс), адам өлтіруге дайындалу және оқталу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру (әр бап бойынша 17 іс) жатады.

Өңірлер бойынша салада ең көп қылмыстық құқықбұзушылық Павлодар облысында жасалды: 88 іс, бір жыл бұрынғыдан 1,1% аз.

Одан кейін Қарағанды (80 іс), Алматы және Шығыс Қазақстан (әр өңірде 75 істен), Ақмола (67 іс) және Қостанай (53 іс) облыстары тұр.

Мұндай құқықбұзушылықтар Қызылорда (21 іс), Маңғыстау (22 іс) және Абай (25 іс) облыстарында аз тіркелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама