×

«Құлдықта болуы мүмкін»: Қостанай облысында 4 жыл бұрын жоғалған ер адам әлі табылмай жатыр

Оны соңғы рет Ілияс Омаров ауылындағы көл жағасынан көрген.

 Халық үні 25.01.2024 | 23:40
«Астана» телеарнасы

Қостанай облысында 4 жыл бұрын жоғалған Руслан Жұбанышевтан әлі хабар жоқ. Он жеті жасында із-түзсіз кеткен бозбаланы ата-анасы, ағайыны әлі күнге дейін іздеп жүр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Оны соңғы рет Ілияс Омаров ауылындағы көл жағасынан көрген. Достарымен бірге балық аулауға барған колледж шәкіртінің содан бері қайда кеткені белгісіз.

Көл жағасынан ізім-қайым болған жасөспірімді жарты миллионға жуық адам іздестірген еді. Ал туған-туыстары құлдықта болуы мүмкін деген болжам айтады.

«Біз үміттенеміз. Оны табамыз деп. Іздейміз оны. Бірнеше бақсы бізде болды. Экстрасенс болды. Енді білмейміз біреу солай айтады. Біреу басқаша айтады. Бірақ біз ол үйге келеді деп үміттенеміз», - деді қала тұрғыны Анар Жұбанышева.

Тәртіп сақшылары көбіне өздері туралы мәлімет жеткізе алмайтын, тұрғылықты жерін ұмытып қалатын егде жастағы немесе психикалық ауытқуы бар адамдар жиі із-түзсіз кететінін айтады. Мұндай кісілердің бір рет қана емес, бірнеше рет жоғалып кетуі мүмкін. 

«Жоғалып, іздеуде жүрген 2358 адамның былтыр 1500-ден астамы анықталды. Жоғалған адамды табу үшін полиция арнайы технологияларды қолданып, іздеу іс-шараларын жүргізіп, барлық маршрутты бақылауға алады» , - деді ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Назаров. 

Бұдан бөлек полицейлер тергеу мен соттан жалтарған 2378 адамды іздеуде. Олардың көбі негізінен 31 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар. Басым бөлігі алаяқтық, ұрлық және адам өлтіру дерегі бойынша іздестіріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама