Halyq Uni логотип
×

АҚШ әскері тағы да зымыранмен Йеменді атқылады

Хуситтер Аден шығанағында дронмен америкалық кемеге шабуылдағанын растады

 Дастан Жұмабекұлы 18.01.2024 | 10:16
АҚШ әскері тағы да зымыранмен Йеменді атқылады
Фото: AP 2023

17 қаңтарда АҚШ-тың Әскери-әуе күштері тағы да зымыранмен Йеменді атқылады. Бұл жолы хуситтердің 14 ракетасының көзі жойылды. Бұл ақпаратты АҚШ Әскери-әуе күштерінің Орталық командованиесі растады.

Осы күні хуситтер де АҚШ-тың Аден шығанағындағы Genco Picardy кемесіне дронмен шабуыл жасады. Хуситтердің өкілі дронмен америкалық кемені атқылағанын растады. Шабуыл салдарынан кеме істен шыққан.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын, нақтырақ айтсақ, 12 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбритания бастаған коалиция Йеменнің бірнеше қаласында орналасқан әскери кәсіпорындар мен лагерьлерін бомбалаған болатын. Бұл соққылар Йеменнің солтүстігінде билік ететін «Ансар Алла» қозғалысының (хуситтер) Қызыл теңізде бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан Батыс елдерінің мұнай тиелген кемелеріне шабуылына жауап ретінде жасалған. Осыдан кейін хуситтер халықты жаппай әскерге жұмылдырып, соғысқа шақырды.

Хуситтер – Иран қолдап отырған Таяу Шығыстағы «қарсылық шегі» деп аталатын үш альянстың бірі. Олардың қатарына Палестинадағы ХАМАС, Ливандағы «Хезболла» және Йемендегі «Ансар Алла» қозғалысы (хуситтер) кіреді. Бұл ұйымдар Израиль мен Батысқа қарсы құрылған.

Хуситтердің ұраны – «Америкаға өлім, Израильге өлім, еврейлерге қарғыс және исламға жеңіс».

90-жылдардың соңында Йеменнің солтүстігіндегі Хуситтер әулеті исламның шиит бағытындағы заидиттер тармағын қайта жаңғыртып, билікке оралу үшін осы топты құрған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама