×

Министрлер зиялы қауыммен бірге балалар әдебиеті мәселесін талқылады

Мектептер үшін кешенді бағдарлама әзірленеді

 Дәурен Ерболат 15.01.2024 | 14:37
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда министрлер зиялы қауым өкілдерімен бірге балалар әдебиеті мәселесін талқыға салды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Қалада «Шығармашылық зиялы қауым – Қазақстан балаларына» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, балалар тақырыбында қалам тербейтін ақын-жазушылар, балалар баспасының бас редакторлары, журналистер және жазушылар одағының өкілдері, республикалық кітапхана директорлары қатысты.

Қатысушылар балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселесін талқылап, қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыру маңызды екенін атап өтті.

Ғани Бейсембаев мектептерде балалар басылымдарын ілгерілету бойынша кешенді бағдарлама әзірленетінін атап өтті.

Президенттің тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасының» жаңа моделі құрылып жатыр. Биылғы оқу жылында белсенді оқырмандарды 100 көркем, ғылыми-танымдық кітап оқуға ынталандыру, электронды кітапханалар мен онлайн-ресурстар құру, газеттер мен журналдарды оқу мәдениетін арттыру бойынша іс-шаралар басталды. Бұл бағыттағы жұмыс «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында да жүргізілуде. Қазір біз мектеп кітапханашыларының мәртебесі мен жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді ол.

Оқу-ағарту министрі балалар басылымдарының ұжымын алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында «Ұлан», «Дружные ребята», «Қазақстан дәуірі» газеттері, сондай-ақ «Ақ Желкен», «Балдырған», «Ақылдым», «Жеті Әлем», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек» және тағы басқа журналдар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама